Сурет: ЖИ иллюстрация
«Қайрат» футбол академиясының 18 жастағы түлегі Аламгир Смақов түркиялық «Бешикташпен» келісімшартқа отырды. Бұл туралы алматылық клуб мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақ футболының аңызы Самат Смақовтың ұлы «Қайрат» жүйесінде 11 жылдан астам уақыт жаттығып, дайындықтың барлық кезеңінен өткен. 2025 жылы ол «Қайрат-Жастар» сапында Бірінші лигада дебют жасады. Ал осы маусымда дубль құрамында 7 матч өткізіп, 4 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.
«Қайрат» ФК Аламгирге сары-қаралар сапындағы жылдары үшін алғыс айтып, кәсіби мансабында толағай табыс тілейді!», делінген хабарламада.
Осы көктемде Аламгир Қазақстан Кубогында сары-қаралардың негізгі командасында дебют жасап, «Жайық» пен «Қайсарға» қарсы матчтарға қатысты. Ол Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасында да өнер көрсетеді. Жуырда Аламгир Смақов «Бешикташ» U-19 сапында чемпионаттағы алғашқы ойынын өткізіп, гол соқты.
Еске сала кетейік, бүгінде «Қайрат» футбол клубының тағы бір түлегі Дастан Сәтпаев Чемпионшипте «Бернли» сапында доп теуіп жүр. Лондондық «Челси» отандасымызды 1 жылға жалға берді.
Сондай-ақ бұған дейін Самат Смақовтың «Атырау» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.
Мазмұнға өту
