Жайық news

Оралдағы күзет компаниясы қызметкерлерінің еңбекақысы қысқа мерзімде өндірілді

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысы бойынша Еңбек инспекциясы комитетінің департаменті «A SECURITY» күзет агенттігі ЖШС қызметкерлерінің жалақы қарызын қысқа мерзімде шешті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2026 жылғы 1 қыркүйекте жеке күзет ұйымының бірнеше қызметкері жалақының кешіктірілуіне байланысты көмек сұрап жүгінді. Азаматтармен кездесуге Батыс Қазақстан облысы бойынша Еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Аслан Досжанов шықты.

Кездесу барысында жұмыскерлер жағдайды баяндап, оларды толғандырған сұрақтарын жеткізді. Департамент басшысы азаматтарға заңнамада көзделген еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін және жағдайды одан әрі реттеу тәртібін түсіндірді. Өтінішті жедел қарау үшін жұмыскерлер департаментке шақырылды. Сондай-ақ диалогқа күзет ұйымының басшысы да шақырылды.

Жағдайды қарау барысында бірқатар мемлекеттік мекемелердің нысандарын күзеткен кәсіпорынның 27 қызметкеріне жалақы қарызы пайда болғаны анықталды. Жұмыс берушінің мәліметінше, қарыздың жалпы сомасы шамамен 5,28 млн теңгені құраған.

Жұмыс беруші өкілдеріне заңды тұлғалар арасындағы өзара есеп айырысу мәселелері жұмыс берушіні қызметкерлеріне жалақыны уақытылы және толық төлеу міндетінен босатпайтыны түсіндірілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылғы 2 қыркүйекте барлық 27 жұмыскердің қарызы толық өтелді. Осылайша, жалақы төлеу мәселесі жедел шешіліп, жұмыскерлердің еңбек құқықтары қалпына келтірілді.

Көп оқылғандар