Қоғам

ІІМ: көлікте былапыт сөздері бар музыканы қатты қойған жүргізуші қамауға алынуы мүмкін

Сурет: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда көлік жүргізушілері былапыт сөздері бар музыканы қатты қосқан жағдайда қандай жаза қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қоғамдық орындарда көліктен немесе портативті колонкалардан былапыт сөздері бар әндерді қосу ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша сараланады. Мұндай құқық бұзушылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (2026 жылы – 86,5 мың теңге) немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 20 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Егер музыка түнгі уақытта қойылса, жүргізушінің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» бойынша да қосымша саралануы мүмкін. Бұл жұмыс күндері 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 09:00-ге дейінгі уақыт аралығына қатысты.

Қоғамдық орындарға көшелер, саябақтар, тұрғын үйлердің кіреберістері, ғимараттардың холдары және қоғамдық көлік жатады.

Полиция мұндай құқық бұзушылықтарды азаматтардың шағымдары негізінде ғана емес, патрульдеу кезінде және әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында да анықтай алады.

Айта кетейік, Алматыда түнгі көше жарысын ұйымдастырған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктер айып тұрағына қойылды.

Көп оқылғандар