Сурет: Қазақстан бокс федерациясы
19 қыркүйекте Жапонияның Аичи провинциясы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындарының жалауы желбірейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Жарыстар 4 қазанға дейін жалғасады.
Бокстан Қазақстан Азиадаға қатысатын ерлер және әйелдер командасын іріктеп, ұлттық құраманың тізімін жариялады. Былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектері 21 қыркүйекте басталады. Ұлттық құрама жарыс алдында бірлескен жаттығу жиынына қатысады.
Ерлер құрамасында Махмұд Сабырхан (55 кг), Оразбек Асылқұлов (60 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг), Нұрбек Оралбай (90 кг), Айбек Оралбай (+90 кг) күш сынасады. Бас жаттықтырушы – Нұржан Насанов.
Әйелдер құрамасында Алуа Балқыбекова (51 кг), Назым Қызайбай (54 кг), Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (65 кг), Наталья Богданова (75 кг) бар. Бас жаттықтырушы – Елдос Сайдалин.
Жалпы, биылғы Азиадада спортшылар 43 спорт түрінен 71 дисциплина бойынша 469 медальдар жиынтығы үшін бақ сынайды. Жарыстар Токио қаласы мен Сидзуока, Осака және Гифу префектураларындағы ареналарды қоса алғанда, 50-ден астам спорт нысанында ұйымдастырылады.
Жақында Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табыс етілетін медальдардың дизайнын таныстырды.
