Спорт

Әлімханұлы мен Шираз жекпе-жегінің алдын ала мерзімі белгілі болды

Сурет: Matchroom Boxing

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен британдық Хамза Шираз арасындағы жекпе-жектің болжамды күні анықталды. Кездесу 2026 жылғы 28 қарашада не 5 желтоқсанда өтуі мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін өткен саудада Шираздың промоутерлік компаниясы Queensberry Promotions басым түсті. Британдық тарап 1 млн 1 мың 809 доллар ұсынса, Әлімханұлының промоутері Top Rank 820 мың доллар ұсынған.

Жоспар бойынша жекпе-жек Лондон, Бирмингем немесе Нью-Йорк қалаларының бірінде өтуі ықтимал. Сауда қорытындысына сәйкес, жүлде қорының 75 пайызы Хамза Ширазға, 25 пайызы Жәнібек Әлімханұлына беріледі. Бұл шамамен 751 мың және 250 мың доллар.

Алайда Шираздың міндетті титулдық жекпе-жектен бас тарту құқығы бар. Егер британдық боксшы WBO титулын міндетті түрде қорғаудан бас тартса, чемпиондық белбеуінен айырылуы ықтимал.

Еске сала кетейік, жаңартылған WBO рейтингінде Жәнібек Әлімханұлы суперорта салмақта көшбасшылар қатарына қосылып, жекпе-жексіз бірден екінші орынға жайғасты. Рейтингтің бірінші сатысында Сауль Альварес тұрса, аталған салмақтағы әлем чемпионы титулын Хамза Шираз сақтап тұр. Бұған дейін отандасымыз Канелоны рингке шақырған еді.

Көп оқылғандар