Әлем

Қазақстан мен Корея ғарыш саласында жаңа жобаларды іске қосады

Сурет: istockphoto.com

Қазақстан мен Корея Республикасы ғарыш саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары – Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев бастаған министрлік делегациясы Корея Республикасына мемлекеттік сапар аясында бірқатар келісімге қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ЖИ және цифрлық даму министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитеті мен Кореяның аэроғарыш агенттігі (KASA) арасында ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Кездесуде екіжақты байланысты одан әрі дамыту және ғарыш саласындағы бірлескен жобалардың перспективалары талқыланды.

Аэроғарыш комитеті, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Оңтүстік Кореяның CONTEC Co., Ltd. компаниясы арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Құжат спутник жасау, жерүсті инфрақұрылымын дамыту, Жерді қашықтан зондтау деректерін өңдеу және коммерцияландыру, сондай-ақ Қазақстан, Корея және Орталық Азия нарықтарындағы қатысуды кеңейтуді көздейді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Ghalam» ЖШС, CONTEC Co., Ltd. және APSI арасында инвестициялық келісімге де қол қойылды. Оның негізгі мақсаты – отандық «Ghalam» кәсіпорнының технологиялық әлеуетін күшейтіп, жаңа құзыреттерді дамыту. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – Қазақстандағы метан шығарындыларын ғарыштан бақылау. Осы мақсатта «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен Nara Space Technology Inc. арасында спутниктік деректер ұсыну туралы келісім жасалды» делінген министрлік хабарламасында.

Келісім аясында Қазақстанға GYEONGGISat-2A, GYEONGGISat-2B және метан шығарындыларының көздерін бақылауға арналған NarSha спутниктік тобының деректері беріледі. Ақпаратты мемлекеттік органдар мен өнеркәсіп өкілдері пайдалана алады.

Спутниктік мониторингтің негізгі бағыттарының бірі – мұнай-газ нысандарынан, оның ішінде мұнай өңдеу кәсіпорындары мен табиғи газ инфрақұрылымынан шығатын метан көлемін бақылау. Сонымен бірге деректер MRV жүйелері аясында өлшеу, есептілік және верификация бойынша талдау жасауға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында екі ел басшысы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Көп оқылғандар