Сурет: Жайық Пресс
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта үш мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде: Жақсықайрат ауылындағы Өтепқали Сахипов атындағы мектеп, Жәнібек ауылындағы №1 мектеп-лицей және Орал қаласындағы вальдорф бағытындағы мектеп-лицей, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңғала ауданының Бірлік ауылындағы Мирманов атындағы мектеп бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде. Күрделі жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жұмыстарды 2026-2027 жылдары кезең-кезеңімен орындау жоспарлануда. Олардың барысы облыстық білім басқармасының тұрақты бақылауында.
Сонымен қатар, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жарақтандыру жалғасуда. 2026 жылы өңірде 51 кабинет жабдықтау жоспарланған, бұл белгіленген 40 көрсеткіштен асып түседі. Шағын жинақты мектептер құрылысы аясында 24 кабинет жабдықтау көзделген – физика, биология және бастапқы әскери дайындық кабинеттерінен сегізден. Тағы 27 пәндік кабинет Ақсай қаласындағы жаңа мектепте жабдықталады.
Ауылдық және шалғай елді мекендерде тұратын балаларға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта 63 елді мекеннен 4 826 оқушыны 56 мектепке жеткізу ұйымдастырылған. Білім басқармасы облыс аумағының үлкендігіне байланысты ауылдық, шағын жинақты және шекара маңындағы мектептер желісін сақтаудың маңыздылығын атап өтеді. Ағымдағы жылы мектептерді жабу жоспарланбаған. Шағын жинақты мектептердің одан әрі жұмыс істеуі туралы шешім қабылдау кезінде оқушылар саны, елді мекеннің қашықтығы, жол жағдайы және балаларды қауіпсіз жеткізу мүмкіндігі ескеріледі.
Мазмұнға өту
