Қаржы

2 пайыздық ипотека: кімдер өтініш бере алады

Сурет: istockphoto.com

Биыл елімізде 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша 12,6 мың несие беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2 пайыздық ипотека табыс деңгейіне қарай беріледі. Биыл бұл бағытқа 175,1 млрд теңге бөлінеді. Бағдарламаға азаматтардың сегіз санаты қатыса алады. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс бес күнкөріс минимумынан, яғни 254 255 теңгеден аспауы тиіс. Кезекте тұрған қалған азаматтар табыс шектеусіз 5 пайыздық мөлшерлемемен ипотека ала алады.

«Сонымен қатар «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтарға 7 пайыз, ал азаматтардың өзге санаттарына 9 пайыздық мөлшерлеме белгіленген. Бұл бағытта жыл сайын 12 мың несие беру жоспарланған», деді Бақытжан Жүнісбеков.

Ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жергілікті бюджеттен берілетін тұрғын үй сертификаты арқылы өтеуге болады. Оның көлемі 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. 2026 жылдың сегіз айында ел тұрғындарына 2 373 тұрғын үй сертификаты беріліп, оған 2,7 млрд теңге жұмсалған.

Айта кетейік, 2027 жылдан бастап ипотека мөлшерлемесі алғашқы жарна көлеміне байланысты есептеледі.

Көп оқылғандар