Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жыл басынан бері 131 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамту шараларына қатысып, 200,4 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және кәсіби оқыту бойынша кешенді шараларды қадағалап отыр. Осының негізінде өңірлік жұмыспен қамту карталары, ұлттық жобалар және салалық мемлекеттік бағдарламалар үйлесімді іске асырылуда. Субсидияланатын жұмыс орындарына 69,8 мың адам орналасқан, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға 49,6 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына 8,2 мың, жастар практикасына 4,9 мың жас маман тартылған. «Күміс жас» жобасы аясында 7,1 мың адам жұмыс тапты.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеру және біліктілікті арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Онлайн оқумен 37,5 мың жұмыссыз азамат қамтылып, олардың 29,3 мыңы оқу курстарын аяқтап, сертификат алды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 21 мың адам оқып, 10 мың адам оқуын аяқтады. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіби оқытуға 3 040 адам жіберілген, оның 78-і оқуын аяқтап, 46 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Мансап орталықтарында кәсіптік бағдар беру жұмыстары жалғасуда, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және консультациялық қызметтермен 170,6 мың адам қамтылды.
Мемлекет қолдауымен жұмысқа орналасқан азаматтардың жұмыс тапқаны міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы расталады. 200,4 мың адамның ішінен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 69,8 мың, электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарына 69,9 мың адам тартылған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 55,7 мың, орталық мемлекеттік органдардың жобалары бойынша 5 мың адам жұмыс тапты.
Биыл әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың бизнес-идеяларын іске асыруға 400 АЕК-ке дейін (1 730 000 теңге) 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланған. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін басқа да шаралар барлық өңірде жалғасуда, нәтижесінде азаматтардың табысын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту және адам капиталын дамыту мүмкіндіктері кеңейіп отыр.
Мазмұнға өту
