Сурет: stat.gov.kz
16 қыркүйектегі мәліметтерге сәйкес, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Апта барысында пияз 5,1%-ға, картоп 3%-ға, сәбіз 2,4%-ға, ақ қауданды қырыққабат 2,3%-ға, алма 1,1%-ға, қант 0,7%-ға, сүзбе мен тауық еті 0,4%-ға арзандады.
Нан, рожки, сиыр еті, қой еті, тауықтың бөлшектелген бөліктері, сүт, қаймақ, күнбағыс майы, сары май, тұз және шай бағасы өзгерген жоқ.
Өңірлер бойынша бірқатар қалада дефляциялық үрдіс байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы апта ішінде Жезқазғанда 0,3%-ға, Семейде 0,2%-ға, Талдықорғанда 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде қалды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 149 теңге болды. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, килограмы 119 теңгені құрады.
Картоптың орташа бағасы килограмына 211 теңге болды. Ең қолжетімді баға Павлодарда байқалып, килограмы 135 теңге болды.
Сәбіздің орташа бағасы килограмына 222 теңге болды. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, килограмы 140 теңге болды.
Қызанақтың орташа бағасы килограмына 620 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Таразда килограмына 378 теңге және Атырауда 396 теңге болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының индексі апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
