Сурет: Egemen Qazaqstan
Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) британдық Хамза Шираз бен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы арасындағы титулдық жекпе-жектің болмайтынын ресми түрде растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұйымның мәліметінше, Хамза Шираз супер орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартқан. WBO әлем чемпионаты комитеті осы салмақ дәрежесіне қатысты шешімін дүйсенбі, 21 қыркүйекте жариялайды.
«WBO Хамза Шираз бен оның командасы қабылдаған шешімді мойындайды және құрметтейді. Сондай-ақ боксшылар мен олардың командаларының спортшының мүддесіне сай деп санаған шешімдерді қабылдау арқылы кәсіби мансабына қатысты таңдау жасау құқығын құрметтейді», делінген.
Еске салайық, Шираз бен Әлімханұлы арасындағы жекпе-жекті өткізу құқығына арналған сауда-саттықта британдық Queensberry компаниясы жеңіске жеткен болатын. Компания жекпе-жекті ұйымдастыру үшін шамамен 1,2 миллион доллар ұсынған.
Жекпе-жек 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда Лондон, Бирмингем немесе Нью-Йорк қалаларының бірінде өтуі тиіс еді.
Айта кетейік, бұған дейін кәсіпқой бокста жүрген отандасымыз Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жегі де өтпейтіндігі айтылған болатын.
