Қоғам

«Келешек» бағдарламасы: 15 мыңнан астам баланың есепшотына ақша аударылады

Сурет: ашық дереккөз

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толған 15 085 баланың есепшотына «Келешек» бағдарламасы бойынша бастапқы білім беру капиталы аударылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

AQYL білім беру депозиттеріне 3,9 млрд теңге түседі. Ал екінші жартыжылдықта 5 жасқа толатын балаларға қаражат 2027 жылдың ақпанында аударылады.

«Жыл қорытындысы бойынша бастапқы білім беру капиталын 29 099 бала алады. Мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрайды», делінген хабарламада.

2026 жылы бастапқы білім беру капиталының мөлшері 60 АЕК, яғни 259 500 теңге. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл сома 120 АЕК немесе 519 мың теңге.

«Келешек» бағдарламасы аясында мемлекет балаларға 5 жасынан бастап бастапқы білім беру капиталын есептейді. Қаражат AQYL білім беру депозиттеріне түсіп, баланың болашақ біліміне арналған алғашқы жинаққа айналады.

«Отбасы банк» арқылы мұндай қолдауды қазірдің өзінде 35 070 бала алды. Мемлекеттік көмектің жалпы сомасы 8,2 млрд теңгені құрады.

Бастапқы капиталды сақтау үшін:

  • ата-аналар бала кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін AQYL депозитін жыл сайын толықтырып отыруы қажет;
  • биылғы ең төменгі жылдық жарна – 24 АЕК (103 800 теңге);
  • әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін – 12 АЕК (51 900 теңге);
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жыл сайынғы міндетті жарна талап етілмейді.

AQYL депозитіндегі жинақ банк сыйақысы – 13,84% (ЖТСМ 14,75%) және мемлекеттік сыйлықақы есебінен 5%-ға, ал балалардың жекелеген санаттары үшін 7%-ға артады.

Бала кәмелетке толғанға дейін ата-аналар депозитті жыл сайын толықтырып отырады. Ал 18 жасқа толған кезде жинаққа «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша берілетін қаражатты қосуға болады.

Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы басталды. Бұл бастама аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын 18 жасқа толмаған азаматтарға бөлінеді. Айта кетейік, 3 жыл ішінде балаларға 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылған.

Көп оқылғандар