Қаржы

Астанада 150 мың фишингтік SMS таратқан топ әшкереленді

Сурет: ашық дереккөз

Астанада азаматтардың жеке және банк деректерін ұрлау үшін «SMS-бластер» құрылғысын қолданып, төрт күн ішінде 150 мыңға жуық фишингтік хабарлама жіберген қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Елорда прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген шаралар барысында схемаға қатысы бар бірнеше адам анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елінің азаматы жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақы үшін заңсыз әрекетке тартқан. Кейін оған құрылғының жұмысын қамтамасыз еткен басқа адамдар қосылған.

Күдіктілер ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын «SMS-бластер» көмегімен операторлардың сүзгі жүйесін айналып өтіп, Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне жаппай хабарлама жіберген.

Фишингтік SMS-хабарламаларда белгілі компаниялар атынан бонустарды айырбастау ұсыныстары болған. Хабарламадағы сілтемеге өткен азаматтар жалған сайтқа түсіп, жеке және банк деректерін, банк картасының нөмірін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодын енгізуге мәжбүр болған.

Осылайша қаскөйлер азаматтардың құпия ақпараты мен банктік қаражатына қол жеткізген.

Қаржылық мониторинг агенттігі арнайы операция кезінде «SMS-бластерді» тәркіледі. Сараптама оның жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал екенін көрсетті.

Қазір қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 399-бабы 2-бөлігі бойынша тергелуде. Төрт күдікті қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары әзірге жарияланбайды.

Көп оқылғандар