Сурет: Үкімет
Ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 70%-ға дейін төмендеді. Бұған инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, қазіргі егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылды. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында сатып алынған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн қатысып жатыр. Бұл қолда бар парктің шамамен 10%-ын құрайды. Инвестициялық субсидиялар бірінші кезекте отандық техника өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Маусымдық дала жұмыстары үшін жанар-жағармай материалдарын жеткізу көлемдері де бөлінді.
«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күнге 268 мың тоннасы немесе бөлінген көлемнің 67%-ы жөнелтілді. Сонымен қатар егін жинау кезеңіндегі жауын-шашынды ескере отырып, астықты кептіруге қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны бөлінді», деді Азат Сұлтанов.
Елімізде астық жинау 83%-ға аяқталды. Егістік құрылымындағы дәнді дақылдардың үлесі бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдардың 5,2 млн гектарға дейін кеңеюіне байланысты 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді.
