Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Қытайда өтетін Гран-при кезеңінде өнер көрсетеді. Жарыс 6–8 қараша аралығында Шэньчжэнь қаласында өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық спортшы жұма күні қысқа бағдарламасын ұсынса, жексенбіде еркін бағдарлама бойынша сынға түседі. 6 қарашада ерлер арасындағы қысқа бағдарлама Астана уақытымен сағат 17:25-те басталады.
Старттық хаттамаға сәйкес, Шайдоров мұз айдынына соңғы болып шығады. Оның өнер көрсетуі шамамен 18:48-ге жоспарланған. Жарысты Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының (ISU) YouTube арнасынан көруге болады.
8 қараша, жексенбі күні ерлер арасындағы еркін бағдарлама сағат 10:00-де басталады. Бұл сайысты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Шайдоровтың мұз айдынына шығу уақыты қысқа бағдарламаның нәтижесінен кейін белгілі болады.
Ерлер арасындағы жекелей сында 12 мәнерлеп сырғанаушы өнер көрсетеді. Олардың қатарында 2026 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қытай кубогінің соңғы екі дүркін жеңімпазы Шун Сато және Франциядағы Гран-при кезеңінде екінші орын алған Као Миура бар. Владислав Дикиджи мен Евгений Семененко бейтарап мәртебеде сынға түседі.
Михаил Шайдоров былтыр Қытай кубогінде қола медаль жеңіп алған. Алайда биыл Францияның Анже қаласында өткен Гран-при кезеңінде 206,55 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады. Осы нәтижеден кейін оның Гран-при финалына шығу мүмкіндігі болмағаны хабарланды.
Әйелдер арасындағы жарыста 2022 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Александра Игнатова (Трусова) мен 2026 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Моне Чиба өнер көрсетеді. Спорттық жұптар арасында Грузия намысын 2026 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Анастасия Метелкина мен Лука Берулава қорғайды.
Барлық уақыт Қазақстан уақытымен көрсетілген. Жарыс нәтижелерін ISU-дың ресми сайтындағы онлайн хаттамадан бақылауға болады.
Мазмұнға өту
