Сурет: istockphoto.com
Қазақстан мен Өзбекстан Алматы – Ташкент және Астана – Ташкент бағыттарындағы әуе рейстерін аптасына 60-қа дейін жеткізуге уағдаласты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл келісім Ташкентте өткен келіссөздер қорытындысында жасалды. Екі ел арасындағы өзге бағыттарда да апталық рейстер саны 14-тен 20-ға дейін өседі.
«Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру ең сұранысқа ие бағыттар бойынша әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді», деп хабарлады ведомство.
Алайда рейстердің нақты саны әуе компанияларының шешіміне байланысты. Қазіргі уақытта екі ел арасында Air Astana, FlyArystan, Uzbekistan Airways, Centrum Air және Qanot Sharq әуе компаниялары ұшады.
Бұған дейін Қазақстан мен Сауд Арабиясы рейстер санын 28-ден 70-ке дейін арттыратыны хабарланған болатын.
Мазмұнға өту
