Сурет: ҚФФ
Бүгін, 6 қазанда, УЕФА Ұлттар лигасы шеңберінде Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен кездеседі. «Астана Аренада» өтетін ойын сағат 19:00-де басталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Бұған дейін, 26 қыркүйекте, Қазақстан мен Фарер аралдары 1:1 есебімен тең түскен болатын. Қазір Қазақстан құрамасы топта төртінші орында. Үш ойын қорытындысы бойынша ұлттық құраманың еншісінде бір ұпай бар. Ал Фарер аралдарында – 3, Молдовада – 4, Словакияда – 7 ұпай.
Бүгінгі матч Қазақстан үшін маңызды. Жеңіс командаға В лигасына шығу мүмкіндігін сақтап қалуға көмектеседі. Қалған үш кездесудің барлығында жеңіске жеткен жағдайда Қазақстан екінші орынға кепілдік алады. Ал белгілі бір нәтижелерге байланысты топ көшбасшылығына да таласуға мүмкіндік бар.
Екінші орын алған команда В лигасының төменгі сатысындағы құрамалардың бірімен плей-офф ойнайды. Ал үшінші және төртінші орын иегерлері келесі маусымда С лигасында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, келесі маусымнан бастап Ұлттар лигасының форматы өзгереді. Дивизиондар саны төрттен үшке қысқарады. Сондықтан Қазақстан үшін В лигасына шығу жоғары деңгейдегі қарсыластармен ойнау мүмкіндігін ғана емес, Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі жағдайды да өзгертуі мүмкін.
Еске салайық, ұлттық құрама екінші турда сырт алаңда Словакияға 2:1 есебімен есе жіберді. Ал үшінші турда Қазақстан құрамасы өз алаңында Молдовадан 2:1 есебімен жеңілді.
