Жайық news

Оралға алғашқы әскер қатарына шақырылғандар келді

Сурет: Жайық Пресс

Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөліміне күзгі шақырудың алғашқы легі келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жас сарбаздар Ақтаудан келген. Оларды әскери бөлім қақпасында бөлімше әскери қызметшілері қарсы алып, жаңа толықтыруды орналастыруға кірісті. Кешегі оқушылар мен студенттер үшін өмірдің жаңа кезеңі — әскери қызмет басталды. Алғашқы сағаттарда жаңадан келгендер әскери киім-кешек алды, күн тәртібімен және әскери қызметтің негізгі талаптарымен танысты. Оларға сондай-ақ киімді дұрыс кию, күту және белгіленген тәртіпте ұстау жолдары көрсетілді.

Алғашқы күндері шақырылушылардың бейімделуіне ерекше көңіл бөлінеді. Қолбасшылар мен әскери қызметшілер жас толықтыруға жаңа жағдайға үйренуге, әскери тәртіп пен талаптарға бейімделуге көмектеседі.

— Бізді жақсы қарсы алды. Бірінші күні бізге әскери киім беріп, оны қалай дұрыс кию және сақтау керектігін түсіндірді. Барлығын түсінікті етіп көрсетіп, түсіндіріп жатыр, — деп әсерімен бөлісті қатардағы жауынгер Ержан Афуев.

Жас толықтырудың келуі жалғасуда. Жақын уақытта Оралға Атырау, Ақтөбе және Алматыдан тағы 200-ге жуық шақырылушының келуі күтілуде.

ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Көп оқылғандар