Жайық news

Оралда автобусқа жабысқан оқушылардың ата-аналары айыппұл төледі

Сурет: Видеодан алынған кадр

Оралда автобустың артына жабысып, қауіпті әрекет жасаған үш оқушының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысы 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 3 қараша күні сағат 18:30 шамасында Абай даңғылында болған. 8–9-сынып оқушылары №22 бағыттағы автобустың артқы жағына жасырын жабысып алған.

Әлеуметтік желіде тараған суреттерден кейін полиция тексеру жүргізіп, мектеп инспекторы жасөспірімдердің жеке басын анықтады.

«Оқушылар мен ата-аналары мектеп әкімшілігінің қатысуымен әңгімеге шақырылып, балаларға мұндай әрекеттің қауіпті екені түсіндірілді. Полиция ата-аналарды кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапқа тартты», делінген полиция хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Астанада қабырғаға сурет салған жасөспірімдердің ата-анасы жауапқа тартылған болатын.

Көп оқылғандар