Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға арналған өңір активінің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық етті.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов аграрлық саладағы нәтижелерді баяндады. Биыл өнім көлемі 281,6 млрд теңгеге жетіп, 5,4%-ға өсті. 605 мың тонна астық жиналып, рекорд жаңарды. Басымдық – өнімді терең өңдеу және су үнемдеу технологияларын дамыту.
Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов тоғыз айда 539,5 млрд теңге инвестиция тартылғанын жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістер ашу міндеттері қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев әлеуметтік жобаларды таныстырды. Оралда 1500 орындық мектеп, екі білім-инновация лицейі, 600 орындық арнайы мектеп салу жоспарланған. Төрт мектепке қосымша оқу корпустары салынып, 2199 орын ашылады. Жаңа музей, архив және «Жайық қалашығы» визит-орталығы қажет.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз түрлі салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын баяндады.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нүркен Молдашев 645 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарын жеткізді. 12 мың орындық стадион, Ақжайық ауданында екі спорт кешені жоспарланған. Төрт медициналық нысанның құрылысы басталды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиев Жайық арқылы жаңа көпір, айналма жол және шекара бекеттерін жаңғырту жобаларын таныстырды.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бейімбет Мусин 2029 жылға дейін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 361,5 млрд теңге бағытталатынын жеткізді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз осы қарқыннан түспеуіміз керек. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Оларды абыроймен орындау өңір экономикасының дамуына мүмкіндік береді. Ең басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, – деді Нариман Төреғалиев.
Аймақ басшысы жиын соңында жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Мазмұнға өту
