Жайық news

Оралда мас жүргізуші бір түнде 6 рет жол ережесін бұзды

Сурет: Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында бір тәулікте 6 құқықбұзушылық жасаған мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Орал қаласындағы Төле би көшесінде патрульдеу барысында Hyundai Tucson көлігін басқарған жүргізушінің жүргізу мәнеріне күмән келтіріп, оны тоқтату белгісін берді. Алайда жүргізуші полицияның заңды талабына бағынбай, жылдамдықты арттырып, қашуға әрекеттенді.

Полицейлер оны бірден тоқтатып, жеке басын анықтады. Көлік рөлінде 37 жастағы жергілікті тұрғын болған.

Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны расталды.

Ол бір күнде полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау, жол белгісінің талабын бұзу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына екі рет өту, қарсы бағыттағы жолаққа шығу және мас күйінде көлік басқару сияқты 6 құқықбұзушылық жасады.

Осылайша полиция қызметкерлері құқықбұзушыны дер кезінде тоқтатып, мас күйінде көлік басқарудан туындауы мүмкін жол-көлік оқиғасының және өзге де ауыр зардаптардың алдын алды.

Сот шешімімен кінәлі адамға 18 тәулік әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл 6 ай мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, елімізде бір аптада 10 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі тіркелді.

Көп оқылғандар