Сурет: Egemen Qazaqstan
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев университет түлектеріне диплом тапсыру салтанатына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Палата спикері жас мамандарды құттықтап, Мемлекет басшысының бастамасымен елде ауқымды жаңғыру үдерістері жүріп жатқанын атап өтті. Кешенді жұмыстың жалғасы ретінде конституциялық реформа жүргізіліп, жаңа Конституция қабылданды. Бұл Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға және мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығының негізі екенін айтты.
Сондай-ақ елді жаңғырту мен саяси жүйені реформалауда заңнамалық бастамалармен қатар, білікті мамандардың рөлі ерекше екеніне тоқталды. Жаһандық технологиялық және әлеуметтік трансформациялар дәуірінде жаңғыру миссиясы жас буынға жүктеледі. Мәулен Әшімбаев жетекші жоғары оқу орнының дипломы жоғары білімді растайтын құжат қана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айтты.
«Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы еліміз саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған саяси бағдары – ұзақмерзімді реформалар бағдарламасы. Ол экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік басқару институттарын нығайту, ғылым мен білімге, бизнес пен азаматтық қоғамға қолдау көрсету сияқты маңызды міндеттерді шешу үшін бүкіл қоғамның жұмылуын және белсенді қатысуын талап етеді. Осы үдеріске сіздердің университеттеріңіздің түлектері қазірдің өзінде елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы алғашқы технологиялық «unicorn» компания – «Higgsfield AI» соның жарқын көрінісі. Аталған компания командасының 90 пайызы – NU түлектері. Бұл – еліміздің адам капиталының жоғары бәсекеге қабілетті және университеттік ортаның сапалы деңгейде екенінің айқын дәлелі», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы NU университетінің отандық ғылымды, инновацияларды және адам капиталын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол университет өзінің басты миссиясын нәтижелі жүзеге асырып жатқанын, Қазақстанда озық зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, заманауи академиялық стандарттарды енгізуге және жоғары білім жүйесін жаңғыртуға ықпал етіп отырғанын айтты.
Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев жас мамандарға өмірлік бағдар болатын бағыттарға тоқталды. Ол кәсіби біліктілік, дұрыс құндылықтар және үздіксіз өзін-өзі жетілдіру табысты мансаптың негізі екенін айтты.

