Сурет: istockphoto.com
«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект негізіндегі цифрлық телнұсқаны енгізудің тұңғыш жобасын жүзеге асырды. Жаңа шешім мұнай өндіруді 45%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, кен орнындағы мұнай қоры шамамен 14,8 млн тоннаны құрайды, оның 36,7%-ы ғана игеруге тартылған. Цифрлық телнұсқа аясында жасанды интеллект кен орнын игерудің 600-ден астам сценарийін есептеп шыққан. Бұған дейін мұндай есептеулер бір айдан астам уақыт алса, қазір бұл жұмыс алты күнде орындалады. Екі көлденең ұңғыманы бұрғылау туралы шешімнің экономикалық тиімділігі 640 млн теңгені құрады.
«Бұған дейін мұндай шешімдер негізінен әртүрлі жүйелерде талдамалық әдіспен таңдалған сценарийлердің шектелген жиынтығы негізінде қабылданып келді. Осылайша, «Цифрлық телнұсқаны» қолданудан осы кен орнынан қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді алу әлеуетін көріп отырмыз, бұл шамамен 16 млрд теңге», деп атап өтті Асхат Хасенов.
Сонымен қатар кен орнында онлайн бұрғылау мониторингіне арналған «цифрлық ұңғыма» және зияткерлік басқару стансалары бар «цифрлық өндіру» жүйесі енгізілген. Асхат Хасеновтың сөзінше, бұл өндіріс шығындарын 5%-ға дейін, ал еңбек шығындарын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
«Кен орындарының цифрлық телнұсқасы өндірудің шамамен 90%-ын қамтамасыз ететін ТОП-12 кен орнын енгізілетін болады. Жобаны енгізуден 2030 жылға дейін қосымша 2,9 млн тонна мұнай өндіру күтіледі», деді басқарма төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін ОПЕК+ елдері 2026 жылғы қарашада мұнай өндірудің қолданыстағы деңгейін сақтауға келіскен болатын.
