Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда 2026 жылғы қыркүйекте айлық инфляция деңгейі 0,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш тамыз айындағы мәліметпен бірдей болып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өткен айда азық-түлік өнімдерінің бірқатары арзандады. Пияз 20,7%-ға, лимон 13,9%-ға, сәбіз 13,6%-ға, картоп 13,4%-ға, баклажан 11,2%-ға, қырыққабат 10,1%-ға, тәтті бұрыш 6,5%-ға, алма 5,3%-ға төмендеді.
Сонымен қатар алмұрт 2,4%-ға, сарымсақ 1,3%-ға, банан 0,7%-ға арзандады. Балалар тағамына арналған ботқалар 6,1%-ға, құмшекер 1,3%-ға төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында қол кремі 6,9%-ға, балалар жаялықтары 6,6%-ға, теледидар 5,6%-ға арзандады. Ыдыс жуатын машиналар мен қысқа толқынды пештердің бағасы 1,8%-ға, душқа арналған гель 1,4%-ға төмендеді.
2026 жылғы қыркүйек қорытындысы бойынша жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Тамыз айында бұл көрсеткіш 9,8% еді.
Жылдық есепте азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға, азық-түлік тауарлары 8,5%-ға қымбаттаған.
Бір жыл ішінде кейбір жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы керісінше төмендеген. 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда алма 11,1%-ға, лимон 8,3%-ға, қызылша 6,9%-ға, қырыққабат 6,1%-ға, банан 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында автомобильдердің бағасы бір жылда 11,3%-ға, электр жылытқыштар 9,1%-ға, кондиционерлер 8,7%-ға, электр еттартқыштар 5,6%-ға, балалар конструкторлары 2,6%-ға, медициналық маскалар 1,7%-ға төмендеді.
Тұтыну бағалары индексі ай сайын есептеледі. Инфляция деңгейін анықтау үшін 537 позиция бойынша тауарлар мен қызметтердің бағасы мен тарифтеріне мониторинг жүргізіледі.
2026 жылдың қаңтарынан бастап тұтыну бағалары индексінің құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 28,4%, ал ақылы қызметтердің үлесі 30,5% болып белгіленген.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Қазақстанда инфляция 10,3%-ға дейін баяулағанын айтқан болатын.
