Қаржы

Қазақстанда Starlink спутниктік байланысы іске қосылды

Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстанда жерүсті мобильді желісі жоқ аймақтарда жұмыс істейтін спутниктік байланыс қолданысқа енді. Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан мен Starlink Mobile компанияларының бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Direct to Cell технологиясы үйлесімді смартфондарды арнайы спутниктік телефонсыз немесе қосымша жабдықсыз Starlink спутниктеріне тікелей қосуға мүмкіндік береді. Қызмет арқылы жерүсті мобильді желісі жоқ жерлерде хабарлама жіберіп, қабылдауға және базалық интернет-сервистерді пайдалануға болады.

Жоба 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Сол жылдың қараша айында министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу жөніндегі меморандумға қол қойып, желтоқсанда алғашқы сынақтар өткізді.

«Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа еніп, адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды», деді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Спутниктік байланыс шалғай елді мекендерде, қала сыртындағы трассаларда және таулы аймақтарда жерүсті инфрақұрылымын толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жерүсті желісі зақымданған жағдайда қосымша байланыс арнасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта технология Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғыларда қолжетімді. Алдағы уақытта қолдау көрсетілетін құрылғылар мен операциялық жүйелер тізімін кеңейту жоспарланған.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚТЖ қыркүйектің соңына дейін 124 пойыз Starlink интернетіне қосылатынын хабарлаған болатын.

Көп оқылғандар