Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстанда мамыр айында тұрғын үй нарығындағы белсенділік сәуірдегі рекордтан кейін төмендеді. Ел бойынша 30 420 сатып алу-сату мәмілесі тіркеліп, бұл өткен аймен салыстырғанда 13,5 пайызға аз, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дегенмен, мамыр жыл басынан бергі ең белсенді екінші ай болды. Ең жоғары көрсеткіш сәуірде тіркелген – 35 154 мәміле. Қаңтар-наурыз аралығында ай сайын орта есеппен 27-28 мың мәміле жасалған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мәмілелер саны 20 өңірдің 18-інде азайған. Ең көп төмендеу Қызылорда облысында (-35,5%), Алматы қаласында (-24,2%) және Ұлытау облысында (-19,4%) байқалды.
Мәмілелер саны артқан екі өңір ғана бар: Түркістан облысында 7,6 пайызға, Атырау облысында 0,6 пайызға өскен.
Тұрғын үй саудасы бойынша көш басында Астана (5 122 мәміле), Алматы (4 925) және Қарағанды облысы (2 630) тұр. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында – 261 мәміле.
Мамырда пәтерлерге сұраныс жоғары болды. Барлығы 23 381 пәтер сатылып, бұл сәуірмен салыстырғанда 3 950-ге аз. Екі бөлмелі пәтерлер ең көп сұранысқа ие болды. Жеке тұрғын үйлер бойынша 7 039 мәміле тіркеліп, бір ай ішінде олардың саны 784-ке қысқарған.
Жылдық көрсеткіш бойынша да тұрғын үй нарығында төмендеу байқалады. 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда мәмілелер саны 10,5 пайызға азайып, 33 986-дан 30 420-ға дейін төмендеген. Ең үлкен құлдырау Алматы қаласында (-31,2%) тіркелсе, Түркістан облысы 69,6 пайыздық өсіммен ерекшеленді.

