Сурет: Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті
Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшының атына шағым түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алайда комитет шағымның кімге қатысты екенін және протестті қай елдің өкілдері бергенін нақтыламады.
«Еліміз спортшысына жарыста киген аяқ киіміне қатысты протест берілді. Қазіргі уақытта Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (World Athletics) наразылықты қарастырып, бұл аяқ киім үлгісінің рұқсат етілген спорттық аяқ киімдер тізіміне кіретінін тексеріп жатыр. Барлық ресми ақпарат тиісті мәліметтер келіп түскеннен кейін жарияланады», деп хабарлады ҰОК.
Бүгін Азиадада елімізге жеңіл атлетикадан алтын медальді Ясмина Тоқсанбаева сыйлады. Ол спорттық жүрістен 42,195 шақырым марафонда Азиада чемпионы атанды.
