Қоғам

ІІМ: Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 45 іс сотқа жіберілді

Сурет: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі биыл ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 45 қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаған қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне қатысты сот үкімі шықты. Олар 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ облыстағы ірі қала құраушы кәсіпорын аумағынан мүлікті алаяқтық әдіспен ұрлаған қылмыстық топтың басшысы мен төрт адам 10 жылға сотталды.

Алматы қаласында автокөліктерді заңсыз тіркеуге, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгертуге, сондай-ақ автокөліктерді сату кезінде алаяқтық жасауға қатысы бар қылмыстық топтың 13 мүшесі 8 жылға сотталды.

Астанада есірткі сатқан қылмыстық топтың басшысы мен оған қатысы бар 5 адам сотталды. Топ басшысы 17 жылға бас бостандығынан айырылса, оның сыбайластарына 16 жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындалды.

Қызылордада жүйелі түрде, оның ішінде кәсіпкерлерден ақша бопсалағаны үшін 8 күдікті сотталды. Тергеу кезінде оларға қылмыстық топтың қызметіне басшылық ету және оның қылмыстарына араласқан деген айыптар тағылды. Сот үкімімен олар 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Алдағы уақытта елімізде сотқа жолданатын үлкен істің бірі Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс болғалы отыр. Қазір осы іске қатысты тергеу басталды.

Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Көп оқылғандар