Қоғам

Жаздың соңғы күндерінде ауа райы қандай болады?

Сурет: Қазгидромет

«Қазгидромет» мамандары 29-31 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің солтүстік өңірлерінде үсік жүруі ықтимал, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаздың соңғы күндерінде еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, бұршақ, найзағай және екпінді жел күтіледі. Солтүстік пен шығыста түнде жаңбыр мен қар аралас жаууы мүмкін.

29 тамызда Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында, ал 30-31 тамызда Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында қатты жаңбыр жауады деп болжануда.

Тек елдің батысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте және шығыста түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.

Батыс өңірлерде күндіз ауа температурасы 18–23°-тан 25–30°-қа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында айтарлықтай өзгеріс болмайды, күндізгі температура 25–35° шамасында сақталады.

Солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы төмендейді. Түнде 10–15°-тан 0–5°-қа дейін, ал кезең соңында кей жерлерде 3°-қа дейін үсік жүруі мүмкін. Күндізгі температура 15–25°-тан 10–15°-қа дейін төмендейді.

Шығыста да ауа температурасы төмендейді: түнде 10–15°-тан 5–10°-қа дейін, күндіз 25–35°-тан 15–25°-қа дейін.

Оңтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде 10–20°, күндіз 25–35° жылы болады.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер күз мезгіліне арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынған болатын.

Көп оқылғандар