Қоғам

Көші-қон заңнамасын бұзған 595 шетел азаматы елден шығарылды

Сурет: Polisia.kz

Жыл басынан бері Көлік полициясы департаментінің көші-қон қызметі теміржол және әуе көлігі нысандарында көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 2 730 фактісі анықталды. 2 261 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 595-і сот шешімімен елден шығарылды.

Сондай-ақ қос азаматтыққа қатысты 190 факт тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды. Шетел азаматтарын қабылдау және олардың елде болуына қатысты заңнаманы бұзған 469 Қазақстан азаматы анықталды.

Заңсыз еңбек қызметіне тартқаны үшін 37 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Көлік полициясы департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, көлік полицейлері азаматтармен күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

«Жұмыс берушілерге, қабылдаушы тараптарға және тұрғындарға көші-қон заңнамасының талаптары мен қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі түсіндіріледі. Бұл Көліктегі полиция департаментінің жедел қызмет көрсету аумағында тәртіпті сақтауға және көші-қон процестерін бақылауға мүмкіндік береді», деді Құрмет Мәжікенов.

Полиция барлық жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және құжаттарды уақытылы рәсімдеуге шақырды.

Көп оқылғандар