Қаржы

Қазақстанда 7 айда 121 мың жаңа көлік сатылды

Сурет: istockphoto.com

2026 жылдың қаңтар–шілде аралығында Қазақстанда жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктерді қоса есептегенде 121 мың жаңа автомобиль сатылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Kolesa.kz мәліметінше, жеті айда Hyundai 20,6 мың көлік сатып, маркалар арасында көш бастады. Chevrolet 20,4 мың сатылыммен екінші, Kia 14,8 мың көлікпен үшінші орында. Алғашқы бестікке Changan (11,9 мың) мен Chery (9,7 мың) енді.

Модельдер арасында Chevrolet Cobalt көшбасшы. Осы кезеңде оның 19 052 данасы сатылды. Одан кейін Hyundai Tucson – 10 452, Kia Sportage – 6 020, Changan CS55 Plus – 4 687 және Hyundai Mufasa – 3 872 көлікпен тұр.

Қытайлық брендтердің үлесі де өсіп келеді. Ең көп сатылған 20 модельдің жартысынан астамы Changan, Chery, Haval, JAC және басқа да қытайлық маркаларға тиесілі. Мәселен, Changan сатылымын бір жылда 101,84%-ға арттырған: қаңтарда 717 көлік сатылса, шілдеде 2,4 мыңға жеткен.

Kolesa.kz пайдаланушыларының қызығушылығы ресми сатылымнан өзгеше. Платформадағы таңдауда да Cobalt бірінші орында. Екінші орында Changan X5 Plus (ресми нарықтағы CS35 Max), үшінші орында BYD Destroyer 05 (Chazor) гибриді. Алғашқы бестікті Changan CS55 және CS75 толықтырған.

Жеті айда Қазақстанда шамамен 5,8 мың гибрид және электромобиль сатылды. Оның 4,4 мыңға жуығы гибридтер.

Гибридтер арасында BYD Song Plus DM-i көш бастады – 983 автомобиль. Одан кейін Geely Galaxy EX5 EM-i – 910 және гибридті Toyota Camry – 684 көлікпен орналасқан.

Электромобильдер сегментінде шамамен 1,3 мың көлік сатылды. Оның 1 мыңға жуығы BYD маркасына тиесілі. Электрлі модельдер арасында BYD Song Plus көш бастады – жеті айда 474 көлік сатылған.

Осылайша, жаңа көлік таңдауында Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson және Kia Sportage секілді жаппай сұраныстағы модельдер алда тұр. Сонымен қатар қытайлық маркалар мен гибрид және электромобильдерге қызығушылық та күшейіп келеді.

Еске салайық, 2025 жылы Қазақстанда 234 852 автокөлік сатылды.

Көп оқылғандар