Қаржы

Қазақстан жұмыртқа импортына екі айлық шектеу қойды

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстан тауық жұмыртқасының импортына екі ай мерзімге шектеу енгізді. Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін өнімді қоса, барлық мемлекеттен жеткізілетін тауарларға және көліктің барлық түріне қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қол қойды. Құжат бойынша шектеу сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасындағы 040721 кодымен өтетін жаңа тауық жұмыртқаларына қолданылады.

Шектеу транзиттік жүктерге, сондай-ақ бұйрық күшіне енгенге дейін кедендік рәсімдеуден өткен немесе Қазақстанға жеткізіліп қойған өнімдерге қолданылмайды.

Экспорттаушы тауарды кедендік рәсімдеуге бұйрық күшіне енгенге дейін қойғанымен, оны Қазақстанға кейін жеткізсе, импорттаушы экспорттық немесе транзиттік декларацияны ұсынуға міндетті. Ал жұмыртқа шектеу енгізілгенге дейін әкелінген болса, жүктің қабылданғанын растайтын тауарға ілеспе жүкқұжат талап етіледі.

Бұл ерекшеліктер Кедендік реттеу туралы кодекстің 185, 187 және 189-баптарында көзделген ерекше тәртіппен кедендік рәсімделген тауарларға қолданылмайды.

Бұған дейін Қазақстан алма импортына уақытша тыйым салған болатын.

Көп оқылғандар