Спорт

Қазақстан садақ атудан Азия кубогінде 10 медаль алды

Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті

Ирактың Сүлеймания қаласында садақ атудан Азия кубогінің кезеңі аяқталып, Қазақстан құрамасы 10 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық құрама қоржынында үш алтын, бес күміс және екі қола жүлде бар.

Блоктық садақ атудан жекелей сында Павел Кузнецов алтын, Никита Ивлев күміс медаль иеленді. Әйелдер арасында Милана Бурлева екінші орынға тұрақтады. Классикалық садақ атудан Александра Землянова қола жүлдегер атанды.

Ерлер құрамасы блоктық садақ атудан командалық бәсекеде топ жарды. Оның сапында Никита Ивлев, Павел Кузнецов және Ислам Серікұлы өнер көрсетті. Әйелдер құрамасы (Милана Бурлева, Эльмира Раисова, Аяжан Жақсылық) күміс жүлде алды.

Аралас командалық сайыста Павел Кузнецов пен Эльмира Раисова алтын медаль жеңіп алды.

Классикалық садақ атудан ерлер құрамасы (Иван Берча, Рахымжан Қамар, Санжар Ержанұлы) күміс жүлдегер атанды. Әйелдер құрамасы (Назеркеш Әлібек, Ясмин Ғалиахмет, Александра Землянова) күміс медаль алды. Иван Берча мен Александра Землянова аралас жұптық сында қола жүлдеге қол жеткізді.

Бұған дейін Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен пара садақ атудан Қазақстан құрамасы бір күміс, бір қола медаль алған болатын. Ерлер арасындағы W1 класында Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейіткамал күміс жүлдегер атанды. Бұл – еліміздің Азия пара ойындары тарихындағы пара садақ атудан алғашқы жүлдесі. Сондай-ақ Нұршат Төлеуқасым W1 класындағы жекелей жарыста қола медаль жеңіп алды.

Көп оқылғандар