Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері 1-3 қазан аралығында уақытша жабылады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шектеу Қытай Халық Республикасының Құрылған күніне байланысты енгізіледі. Аталған күндері шекара арқылы жеке тұлғалар, көлік құралдары мен жүктер өткізілмейді.
Ал теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
«Көлік-логистикалық қатынастың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Комитет тасымалдаушыларды, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларын және азаматтарды маршруттарды жоспарлау кезінде осы шектеулерді ескеруге шақырады», делінген хабарламада.
Еске салайық, 25 қыркүйекте Қазақстан мен Қытай арасындағы бірқатар өткізу бекеті өз жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.
