Сурет: istockphoto.com
CEOWORLD Magazine халықаралық іскерлік журналы әлемнің 197 еліндегі орташа айлық жалақы рейтингін жариялады. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Рейтинг бойынша Қазақстан әлемде 77-орында тұр. Басылымның бағалауынша, елімізде салықтар ұсталғаннан кейінгі орташа айлық жалақы 780 АҚШ долларын құрайды.
Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан көш бастап тұр. Екінші орында Түрікменстан – 761 доллар (80-орын). Өзбекстан 458 доллармен 117-орынға, Қырғызстан 335 доллармен 132-орынға, ал Тәжікстан 276 доллармен 138-орынға орналасқан.
Әлемдік рейтингтің көшін Швейцария бастап тұр. Бұл елде салықтан кейінгі орташа айлық жалақы 8 218 долларды құрайды. Одан кейін Люксембург (6 740 доллар), АҚШ (6 562 доллар), Исландия (6 548 доллар) және Норвегия (5 772 доллар) орналасқан.
Ал рейтингтің соңғы орындарында Палестина (104 доллар), Лесото (131 доллар), Ангола (134 доллар), Малави (138 доллар) және Мали (141 доллар) тұр.
Зерттеу авторларының айтуынша, ең жоғары жалақы қаржы, сақтандыру, энергетика, тау-кен өндірісі, ақпараттық технологиялар, бөлшек сауда және білім беру салаларында тіркелген. Ал әкімшілік қолдау, қонақүй бизнесі мен құрылыс салаларындағы еңбекақы деңгейі салыстырмалы түрде төмен екендігін көрсетіп отыр.
Еске сала кетейік, елімізде 2026 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 461 486 теңгені құрады.
Мазмұнға өту
