Сурет: istockphoto.com
Қазақстан мұнай-газ саласы үшін қажетті өнімдерді шығаратын 15 жаңа өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр. Жобалардың жалпы құны 37,7 млрд теңгеге бағаланады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты. Оның сөзінше, жобалар әлемдік және отандық өндірушілермен бірлесіп жүзеге асырылады. Мақсат – мұнай-газ саласында сұранысқа ие тауарларды ел ішінде өндіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін дамыту.
«Мұнай-газ саласында барынша сұранысқа ие түпнұсқа тауарлардың әлемдік және отандық өндірушілерімен бірлесіп, 37,7 млрд теңгеге 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ ел ішінде қосылған құны жоғары тауарларды өндіру және оларды шығару бойынша құзыреттілікті сатып алуды қамтамасыз етеді», деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, 2022–2025 жылдары Қазақстанда 7,9 млрд теңгеге 10 өндіріс орны іске қосылып, 350-ден астам жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар отандық өндірушілерді халықаралық сертификаттаудан өткізуге жұмсалатын шығынды өтеу тетігі кеңейтілген. Бұрын өтемақының ең жоғары шегі 3 мың айлық есептік көрсеткіш болса, қазір оны 15 мың АЕК-ке дейін ұлғайту жұмысы жүргізілген.
«Бұл отандық кәсіпорындарға 60 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі шығындарын өтеп алуға мүмкіндік береді және сәйкесінше отандық өндірушілерге үш ірі оператордың жеткізу тізбегіне шығуға, сондай-ақ өнімдерді шетелге экспорттық жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік ашады. Қазір мұнай-газ секторының жеті отандық тауар өндірушісі Еуропа, Солтүстік Америка және Азия елдеріне өнім экспорттап отыр», деді министр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдап, халықты энергиямен және жылумен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын.
Мазмұнға өту
