Қаржы

Министр: құрылыстағы отандық өнім үлесі 80%-ға жетеді

Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Қазақстан ішкі нарықтағы құрылыс материалдарын отандық өніммен қамтуды үш жыл ішінде 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі көрсеткіш – 73 пайыз. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, отандық өндірісті кеңейтуге жылу оқшаулағыш және керамикалық плиталар, композиттік және қаптау материалдарын шығару бағыттарында мүмкіндік бар. Ол 2027 жылдың Халықтық құрылыс жылы деп жариялануы саланың дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді. Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнімге тиесілі. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады», деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды.

Көп оқылғандар