Спорт

Ломаченко кәсіпқой боксқа қайта оралады

Сурет: ашық дереккөзден

Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған украиналық боксшы Василий Ломаченко кәсіпқой мансабын жалғастыруға шешім қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Top Rank промоутерлік компаниясының баспасөз қызметі боксшының компаниямен ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеді.

«Лома» рингке қайта оралады. Үш салмақ дәрежесіндегі бұрынғы әлем чемпионы Top Rank және Loma Power Promotions компанияларымен бірлескен промоутерлік келісім жасасты. Ломаченконың алғашқы жекпе-жегі 2027 жылдың басында өтеді деп жоспарланған», делінген компанияның Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Top Rank компаниясымен қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы да жұмыс істейді. Сондай-ақ аталған промоутерлік ұйыммен жапониялық Наоя Иноуэ, америкалық Шакур Стивенсон мен Кейшон Дэвис, мексикалық Эмануэль Наваррете және өзге де танымал боксшылар келісімшарт жасасқан.

Василий Ломаченко кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтайтынын 2025 жылдың маусымында, 37 жасында жариялаған болатын. Оның соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың мамырында Австралияда өтті. Сол кездесуде ол Джордж Камбосос кішіны техникалық нокаутпен жеңіп, жеңіл салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иеленген.

Естеріңізге салайық, кәсіпқой бокста жеңіліс көрмеген әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен Дания боксшысы Якоб Банк арасындағы жекпе-жектің өтетін күні анық. Қос қарсылас 2027 жылы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласындағы Forum Horsens аренасында мықтыны анықтайды.

Көп оқылғандар