Сурет: Pixabay
Көкжиде құмды алқабында екі жыл бойы жүргізілген зерттеулер мұнай-газ өндірісінің жерасты суларына кері әсерін тигізбегенін көрсетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Дулат Қалитов Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің отырысында бұл туралы мәлімдеді. Зерттеулерді Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығы Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырмасы бойынша және Kazenergy қауымдастығы бекіткен бағдарламаға сәйкес орындады.
Далалық зерттеулер 2024-2025 жылдары төрт маусым бойы жүргізіліп, қорытынды есеппен аяқталды. Зерттеу барысында топырақ, өсімдіктер, қар, жерүсті суларынан сынама алынып, жерасты суларына мұнай өнімдері мен ауыр металдарға химиялық талдау жасалды. Аккредиттелген зертханаларда 1280 зертханалық талдау орындалды, оның ішінде жерасты суларының 361 сынамасы талданды.
Көкжиде алқабындағы мұнай-газ өндіру табиғи ортаға айтарлықтай техногендік ықпал етіп отыр. Жекелеген учаскелерде техногендік микробедер қалыптасқан. Кей жерлерде құм жамылғысы, кей жерлерде өсімдік жамылғысы өзгерген. Бірақ бұл ықпал негізінен мұнай компанияларының мұнай учаскелерінде, яғни жергілікті сипатқа ие. Қорытынды бағалау бойынша, техногендік өзгерістерге ұшыраған учаскелер алқап ауданының шамамен 11%-ын алып жатыр. Ал құмның 89%-ы табиғи күйіне жақын қалпында сақталған, – деді Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Дулат Қалитовтың айтуынша, зерттеулер нәтижесінде жерасты суларының сапасы төмендемегені анықталды. Судың химиялық құрамы барлық жерде ауыз су ретінде қолдану талаптарына сәйкес. Көкжиде алқабының барлық аумағында жерасты суларының жүйелі түрде ластануы, оның ішінде мұнай-газ өнімдерімен ластануы анықталмады. Компаниялардың өндіріс учаскелеріндегі топырақта анықталған мұнай өнімдері сол учаскелердегі жерасты суларында анықталмады. Оның себебі – аэрация аймағының қалың және тау жыныстарының фильтрациялық көрсеткіштерінің дәрежесі төмен болуы.
Көкжиде құмды алқабы өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап ірі тұщы жерасты су қоры ретінде белгіленген. Бүгінде оның суы бірқатар елді мекенді қамтамасыз ету үшін пайдаланылып отыр. Болашақта батыс Қазақстан өңірлерін ауыз сумен қамтудың маңызды көздерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда осы аумақта мұнай өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондықтан жерасты суларының сапасын сақтау мәселесі қоғамды көп жылдан бері алаңдатып отыр.

