Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысы елімізде бірінші болып энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. Осы мақсатқа 31,6 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде өңірде 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар сумен жабдықтау және су бұру, жылумен және электрмен жабдықтау жүйелерін қамтиды. Тағы 11 жобаны биыл бастау жоспарланған.
Коммуналдық желілер туралы әдетте апат болғанда ғана еске аламыз. Ал шын мәнінде жер астында және үй қабырғаларының артында су, жылу және электр қуатын үздіксіз жеткізетін тұтас жүйе күн сайын жұмыс істеп тұр. Қазір облыс бойынша коммуналдық инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Солардың бірі – Орал қаласындағы №29 кәріз сорғы станциясы. Ол 2009 жылы салынған. Пайдалану жылдарында жабдық 80%-ға тозған. Құбыр мерзімді түрде істен шығып тұрады, сондықтан станцияны жаңғыртуға шешім қабылданды. Жұмыстар басталып кетті – нысанда екі бірлік арнайы техника мен 20-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Жобаның құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Реконструкциядан кейін станцияға жалпы қуаты 290 киловатт болатын швед өндірісінің үш жаңа сорғы агрегаты орнатылады.
– Жаңа жабдық бұрынғысынан шамамен екі есе қуатты. Бұл станцияның өнімділігін арттырып, жұмысын сенімдірек етеді, – деді «Батыс су арнасы» ЖШС бөлім басшысы Ғарифолла Кенжин.
Қазір облыста сумен жабдықтау және су бұру саласында бес жоба іске асырылып жатыр. Жұмыстардың жалпы құны 15,5 млрд теңге. Сонымен қатар жылу желілері жаңартылды. Атап айтқанда, №7 жылу магистралінде шамамен екі шақырым құбыр ауыстырылды. Бұл желі қала үшін маңызды болып саналады. Сондай-ақ екі жылу магистралі мен «Строитель» шағын ауданының ішкі желілерінде жұмыстар жүргізілді. Жалпы мұнда 10 шақырым коммуникация ауыстырылды.
– Жылумен жабдықтау жөніндегі барлық жоба аяқталды. Оларды іске асыруға 6,1 млрд теңге бағытталды, – деді БҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бейімбет Мусин.
Тағы бір ауқымды жұмыс – электр желілері. Ұлттық жоба аясында облыста 501 шақырым желі ауыстырылды. Жаңарту тек облыс орталығында ғана емес, 40 елді мекенде жүргізілді. Алда жаңа нысандар бар. Ақсай қаласында биыл сумен жабдықтау бойынша төрт жобаны бастау жоспарланған. Электр желілерін жаңарту да жалғасады. 2026-2027 жылдарға жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын жеті жоба жоспарланған. Тек биыл облыстың тоғыз ауданында және 70-тен астам елді мекенінде 380 шақырым электр желісін ауыстыру қажет. Сонымен қатар екі қосалқы станция салынады.
Жұмыс ауқымы әсерлі: бірте-бірте мерзімі өткен коммуналдық инфрақұрылымның тұтас учаскелері ауыстырылады. 2029 жылға қарай өңірде электр желілерінің тозуы 11%-ға, су бұру инфрақұрылымы – 48%-ға, сумен және жылумен жабдықтау жүйелері – 43%-ға төмендейді деп жоспарланып отыр.
