Categories Қаржы

Илон Масктың дәулеті 1 триллион доллардан асып, ол алғашқы триллионер атанды

Сурет: Krisztian Bocsi/Bloomberg

SpaceX компаниясы акцияларын сатылымға шығарғаннан кейін америкалық кәсіпкер Илон Масктың байлығы 1 триллион доллардан асып, ол алғашқы триллионер атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

SpaceX бір акцияны 135 доллардан бағалап, 555,6 миллион акцияны бастапқы жария орналастыру аясында сатты. Нәтижесінде компания 75 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл әлем тарихындағы ең ірі IPO ретінде тіркелді.

Компания акцияларының саудасы бүгін, 12 маусымда Nasdaq биржасында басталады. Алғашқы бағалау бойынша SpaceX-тің нарықтық құны 1,77 триллион долларға жетті.

Сарапшылардың есептеуінше, Илон Масктың SpaceX-тегі үлесінің құны шамамен 866 миллиард долларды құрайды. Ал Tesla мен өзге де активтерін қоса есептегенде кәсіпкердің жалпы байлығы 1,1 триллион доллардан асады.

Осылайша, Маск әлемдегі байлығы 1 триллион доллар межесінен асқан алғашқы адам атанды. Салыстыру үшін айтсақ, әлемдегі ең бай адамдар тізімінде екінші орында тұрған Alphabet компаниясының негізін қалаушы Ларри Пейдждің байлығы шамамен 300 миллиард долларды құрайды.

Сонымен қатар SpaceX табыс жолында ірі шығындарға да тап болды. Компания 2025 жылы 18,67 миллиард доллар табыс тапқанымен, 4,94 миллиард доллар шығынға ұшырады. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 4,7 миллиард доллар кіріс көрсеткенімен, 4,28 миллиард доллар көлемінде шығын тіркелді.

Шығындардың басым бөлігі Starship ауыр зымыран жүйесін сынақтан өткізу жұмыстарына жұмсалды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Илон Маск OpenAI мен оның басшысы Сэм Альтманға қарсы сот ісінде жеңіліп қалған еді. OpenAI ісінен кейін де кәсіпкер сот шешімін сынға алып, үкімге шағым түсіретінін мәлімдеді.

Ұқсас жазбалар

Премьер-министр Astana Mining & Metallurgy конгресінде экономикалық өсім мен инвестициялық әлеуетті атап өтті

Премьер-министр Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысып, экономикалық…

Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атанды

SpaceX акцияларын сатудан 75 млрд доллар тартылып, Илон Масктің байлығы 1 триллион доллардан асты.

Қазақстанда мамыр айында тұрғын үйге сұраныс күрт төмендеді

Қазақстанда мамыр айында тұрғын үй нарығындағы белсенділік сәуірдегі рекордтан кейін төмендеді. Ел бойынша 30 420…