Сурет: Gov.kz
Қытайдың Гуандун өлкесінің әкімшілік орталығында Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы ашылды. Бұл Қытайдың оңтүстік өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ашылу салтанатында Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі Шахрат Нұрышев екі ел арасындағы қатынастар бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, Гуанчжоудағы Бас консулдық өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді және Қытайдың оңтүстік өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер береді.
Елші Гуандун өлкесінің Қытайдың жетекші экономикалық, инновациялық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі екенін, оның сауда, инвестиция, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, электрондық коммерция, логистика, инновациялар мен мәдени-гуманитарлық алмасулар салаларында Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуда зор әлеуеті барын айтты.
ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь бұл Қазақстанның Қытайдағы төртінші консулдық мекемесі екенін және ол екі елдің оңтүстік өңірлері арасындағы байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол Қытай тарапының жаңа дипломатиялық өкілдікке жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Гуандун өлкесінің Халық үкіметі партиялық тобының мүшесі Чэнь Лянсянь Қазақстанның Гуандун өлкесінің Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі екенін, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық деңгейі тұрақты өсіп келе жатқанын мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, Гуанчжоудағы Бас консулдықтың ашылуы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы тарихындағы маңызды оқиға. Жаңа консулдық саяси диалогті нығайтуға, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілетуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал етеді.

