Сурет: ашық дереккөз
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва елдегі онлайн ставкалар мен интернеттегі құмар ойындарға толық тыйым салу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
G1 порталының мәліметінше, шектеу виртуалды казинолар мен онлайн құмар ойын платформаларына да қатысты. Президенттің шешімі бірден күшіне енгенімен, тыйымды заң жүзінде бекіту үшін үкімет 120 күн ішінде тиісті заң жобасын Конгресске ұсынуы тиіс.
Онлайн платформаларды пайдаланатын азаматтарға шоттарындағы қаражатын шығарып алу үшін 5 қазанға дейін уақыт берілді. Ал 6 қазаннан бастап Бразилияда мұндай сайттар мен мобильді қосымшалардың жұмысы тоқтатылмақ.
Букмекерлік компаниялардың платформаларында қалып қойған қаражат банктер арқылы пайдаланушыларға қайтарылуы керек.
Лула да Силва бұл шешімді қатаң әрі қажетті шара деп атады.
«Мен қатаң, түбегейлі және қажетті шара қабылдауға шешім қабылдадым. Бұл – қатерлі ісік сияқты: ісікті алып тастамасаң, ол бізді құртады», деді Бразилия президенті.
Сонымен қатар Лула да Силва ставкаларды жарнамалап, оларды насихаттайтын адамдарға жаза енгізуді көздейтін заң жобасын Конгресске жолдады.
Осылайша, Бразилия билігі онлайн құмар ойындар нарығын толық шектеуге бағытталған жаңа шараларды қолға алды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 7,5 млрд теңге айналымы бар онлаин казиноның қызметі тоқтатылғанын хабарлаған едік.
