Сурет: iStock
Қазақстанда дербес деректердің таралуына қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ірі компанияларға салынатын ең жоғары айыппұлды 5 мың АЕК-ке дейін көтеруді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қолданыстағы заңнама бойынша дербес деректер туралы талаптарды бұзғаны үшін ең жоғары айыппұл 2 мың АЕК құрайды. 2026 жылғы көрсеткіш бойынша 5 мың АЕК шамамен 21,6 млн теңгеге тең. Яғни ұсыныс қабылданса, ірі бизнеске салынатын ең жоғары айыппұл қазіргі 8,6 млн теңгеден 21,6 млн теңгеге дейін өседі.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, қазіргі айыппұл мөлшері ірі компаниялар үшін жеткілікті әсер етпейді. Сондықтан санкцияның жоғарғы шегін көтеру ұсынылған.
Алайда бұл әзірге талқылау кезеңіндегі ұсыныс. Құжатты министрлік басқа мемлекеттік органдармен және бизнес өкілдерімен келісуі қажет. Одан кейін ғана бастама кеңірек талқылауға шығарылуы мүмкін. Осы рәсімдерден кейін оның заңнамалық өзгерістерге ұласатыны белгілі болады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев бұл өзгерістер туралы KazHackStan форумында айтты.
«Киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау саласындағы жауапкершілік өткен жылы да күшейтілген. Дегенмен ірі бизнес үшін қазіргі санкциялар әрдайым елеулі әсер бере бермейді. Ірі компаниялар үшін бұл айыппұлдардың кейде айтарлықтай ықпалы болмайды», деді ол.
Дербес деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін қазір ең жоғары әкімшілік жауапкершілік 2 мың АЕК-ке дейін жетеді. Бұған дейін министрлік бұл саладағы айыппұлдардың ұлғайтылғанын хабарлаған. Сонымен қатар елімізде дербес деректердің ірі көлемін өңдейтін операторларға қойылатын талаптар да күшейтіліп жатыр.
Айыппұлды 5 мың АЕК-ке дейін көтеру туралы ұсыныс алғаш рет айтылып отырған жоқ. 2026 жылдың басында билік дербес деректерді қорғау талаптарын сақтамағаны үшін айыппұлдың ең жоғары мөлшерін 5 мың АЕК-ке дейін жеткізуді қарастырып жатқаны хабарланған болатын. Сонымен бірге дербес деректердің жаппай таралып кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі де көтерілген.
Ал 2 қазаннан бастап дербес деректерді өңдеудің жаңа ережелері күшіне енеді. Соған сәйкес, заң талаптарын бұза отырып жиналған ақпаратқа қатысты азаматтар оны бұғаттауды, иесіздендіруді немесе жоюды талап ете алады.
Биыл көктемде Алматы прокуратурасы ҚазҰУ студенттерінің дербес деректерінің таралып кеткеніне байланысты тексеру бастаған еді. Ашық қолжетімділікке студенттер туралы мәліметтермен бірге дәрігерлік құпияға жататын ақпараттар да шығып кеткен.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен Астана және Алматы қалаларында Қазақстан азаматтарының дербес деректерін заңсыз таратқан күдікті адамдар тобының жолын кескенін хабарлаған едік.
