Сурет: Видеодан алынған кадр
Үндістанның астанасы Дели ауаның ластану деңгейі бойынша Пәкістанның Лахор қаласынан асып, әлемдегі ірі қалалар арасында көш бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Reuters агенттігінің мәліметінше, швейцариялық IQAir ұйымының деректері бойынша Делидегі ауа сапасының индексі (AQI) 334 пунктке жеткен. Бұл көрсеткіш «қауіпті» деп бағаланады. Ал Үндістанның Орталық ластануды бақылау кеңесі ауа сапасының индексін 403 пункт деп көрсеткен, бұл «өте жоғары ластану деңгейіне» сәйкес келеді.
Екі ұйымның деректері арасындағы айырмашылық ауа сапасын бағалау, есептеу және жіктеу әдістемелерінің өзгешелігіне байланысты.
20 миллионға жуық тұрғыны бар Делиді қою тұман басқан. Көріну қашықтығы нашарлап, негізгі көшелердегі шамдар тұман арасынан әрең көрінеді.
Ауаның ластануы Солтүстік Үндістан мен көршілес Пәкістанның бірқатар аймағында жыл сайын қыс мезгілінде қайталанатын мәселе. Суық әрі тығыз ауа көлік түтінін, құрылыс шаңын және ауыл шаруашылығы алқаптарындағы өрттен шыққан түтінді жерге жақын қабатта ұстап қалады.
Осыдан екі күн бұрын Қазақстанда 6 қалада ауа сапасы нашарлаған.
Мазмұнға өту
