Жайық news

БҚО-да 7,5 мыңнан астам экологиялық құқықбұзушылық анықталды

Сурет: Жайық Пресс

БҚО полициясы «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 7 580 құқықбұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар белгілемеген орындарда заңсыз сауда жасаудың 1 088 фактісі, қоғамдық орындарды ластаудың 424 фактісі, елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзудың, инфрақұрылым нысандарын зақымдаудың, жасыл желектерді жою мен бүлдірудің 6 068 фактісі тіркелді.

Санитарлық нормалардың сақталуын бақылауды күшейту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2025 жылы облыс орталығындағы 50 контейнерлік алаңға бейнебақылау камералары орнатылды. Камералар БҚО полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, «Target EYE» бірыңғай жүйесіне интеграцияланған. Бейнежүйе қоқыс контейнерлерінің толу деңгейін анықтауға, сондай-ақ бөгде заттардың қалдырылу фактілерін анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық функциялармен жабдықталған.

Осы жүйені енгізудің арқасында жыл басынан бері 40 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың экологиялық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруға, санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерінің талаптарын түсіндіруге бағытталған профилактикалық жұмысты тұрақты негізде жүргізеді.

Полиция тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарда тазалықты сақтауға және тәртіпті ұстау — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін есте ұстауға шақырады.

Көп оқылғандар