Жайық news

Оралда 108 қатысушы жиналған спорттық өрмелеу жарысы аяқталды

Сурет: Жайық Пресс

Оралда спорттық өрмелеуден облыстық жарыс мәресіне жетті, оған 108 қатысушы қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарыс 3-6 қараша аралығында төрт күн бойы «Жайық Арена» спорт кешені мен облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының өрмелеу қабырғаларында өтті. Жас спортшылар «Жылдамдық», «Қиындық» және «Командалық эстафета» сияқты үш дистанцияда бақ сынады.

«Жайық Арена» спорт кешеніндегі жылдамдық сайысы ерекше тартысты өтті, мұнда реакция жылдамдығы мен қимыл үйлесімділігі шешуші рөл атқарды. Ал облыстық туризм орталығында қатысушылар командалық эстафета мен қиындық трассаларында физикалық дайындықпен қатар тактика мен төзімділікті көрсетті.

Жарыс 2011-2012, 2013-2014 және 2015-2016 жылдары туған ұл-қыздар арасында үш жас санатында ұйымдастырылды.

Жеке сайыстарда түрлі аудан өкілдері көзге түсті. Кіші жас тобында «Жылдамдық» дистанциясында Ақжайық ауданынан Думан Серік пен облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығынан Аида Нұрлыбек жеңімпаз атанды. 2013-2014 жылы туғандар арасында Бөрлі ауданынан Наби Мұхамбетов пен Жаңғала ауданынан Линара Сұлтанбек үздік шықты. Ересек топта Бәйтерек ауданының өкілдері Ерсұлтан Мұрат пен Аружан Маратова жеңіске жетті.

«Қиындық» дистанциясында да тартыс күшті болды. Кіші топта ұлдар арасында Ақжайық ауданынан Думан Серік, қыздар арасында Бөрлі ауданынан Ақнұр Оразалы бірінші орынды иеленді. Орта жас санатында Қаратөбе ауданынан Ерасыл Жалел мен Жәнібек ауданынан Айсен Абзалова жеңімпаз атанды. Ересек топта Ақжайық ауданынан Нұрлыбек Керей мен Бәйтерек ауданынан Аружан Маратова үздік деп танылды.

Командалық эстафетада Бөрлі ауданының командасы үздік дайындық көрсетті. Екінші орынды Ақжайық ауданының өкілдері, үшінші орынды облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының командасы алды.

Жалпы командалық есепте де осы командалар көш бастады: бірінші орын – Бөрлі ауданы, екінші – Ақжайық ауданы, үшінші – облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер арасынан Батыс Қазақстан облысының спорттық өрмелеу құрама командасы жасақталады. Үздік спортшылар алдағы кезеңдерде облыс намысын қорғайды.

Көп оқылғандар