Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының прокуратурасы инвестордың кедергісін жойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Нығмет» шаруа қожалығы жер телімін тиімді пайдалану үшін құны 462 млн теңге тұратын жаңбырлатып суару жабдығын орнатқан. Алайда «Көшім» каналына судың жеткіліксіз келуі жабдықты пайдалануға кедергі келтіріп, оның істен шығу қаупін тудырған.
Аудандық прокуратура инвестор мен «Қазводхоз» РМК БҚФ өкілінің қатысуымен кездесу ұйымдастырды. Оның қорытындысы бойынша суды қажетті көлемде үздіксіз беруді қамтамасыз ету шаралары қабылданды.
Осылайша туындаған кедергілер жойылып, жабдықты толық пайдалануға және ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалды.
Инвесторлардың құқығын қорғау мен қолайлы инвестициялық ахуал құру прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары болып қалады. Облыстық прокуратура кәсіпкерлер мен инвесторлардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша прокуратура органдарына жүгінуге құқылы екенін еске салады.
Мазмұнға өту
