Сурет: istockphoto.com
Қазақстандықтар өз атына банктік шот ашуға және карта шығаруға ерікті түрде тыйым сала алатын «Стоп-шот» сервисі пайда болуы мүмкін. Шектеуді кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы орнатуға болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қаржыгерлер конгресінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді. Оның сөзінше, Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, сервисті іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Ұлттық банк сервисті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге әзірлеп жатыр. Қазір реттеуші органдар тиісті түзетулерді пысықтап, техникалық инфрақұрылымды дайындауда», деді Бинұр Жәленов.
Жаңа сервис «Стоп-кредит» жүйесіне ұқсас жұмыс істейді. Ол арқылы азаматтар өз атына банктік несие мен микрокредит рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады.
Еске сала кетейік, 14 қарашадан бастап Bereke Bank, Nurbank және «Отбасы банк» жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізеді. Соған байланысты банктердің цифрлық сервистерінде уақытша ақау мүмкін.
Мазмұнға өту
