Қоғам

2027 жылы 50 медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді

Сурет: istockphoto.com

2027 жылдан бастап Қазақстандағы әрбір екінші медициналық колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Zhaiyqmedia.kz.

2026 жылы министрлік алғаш рет техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекітті. Жаңа тәртіп бойынша тексеру кезінде мамандар колледждерге міндетті түрде барады.

Министрліктің мәліметінше, биыл төрт медициналық колледж аттестаттаумен қамтылды, оның екеуінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Ал 2027 жылы 50 колледж мемлекеттік аттестаттаудан өтеді.

«Көшпелі мониторинг барысында комиссиялар оқу орындарының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестігін тексереді. Атап айтқанда материалдық-техникалық база, оқу процесінің ұйымдастырылуы, симуляциялық орталықтардың жабдықталуы және мамандарды даярлау сапасы бағаланады. Қазір Қазақстанда 100 медициналық колледж бар. Оның 22-сі – мемлекеттік», делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды жүктеді. Сондай-ақ Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.

Көп оқылғандар